From Wikipedia, the free encyclopedia
Астана қаласының Бас жоспары (толық атауы "Астана қаласының 2030 жылға дейінгі дамуының Бас жоспары" орыс. Генеральный план развития города Астаны до 2030 ж. қысқаша Генплан г. Астаны) — Астана қаласы тіршілік-тынысының қолайлы ортасын құру және оны орнықты дамыту, экологиялық қауіпсіздігін, табиғи және мәдени мұраларын сақтау мақсатында жасалған қаланың сәулет-құрылыс жоспары. Бұл жоба Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен іске асып жатыр.
Астана қаласының Бас жоспары ғылыми зерттеу-жобалау институты | |
Түрі |
Мемелекеттік комуналдық кәсіпорын |
---|---|
Қызметі |
Астана қаласын жобалау жоспарлау |
Компанияның ұраны |
Астана – болашақтың қаласы |
Құрылды | |
Орналасуы |
Қазақстан, |
Басты адамдары |
Досмағамбетов Баир Фарденұлы |
Саласы |
Тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, жабдықтаушы заңды тұлға[2] |
Қызметкерлер саны |
200 |
Басшы компания |
Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы |
Сайты |
Қаланың сәулеттік тұжырымдамасын әзірлеуде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қалаға еуропалық келбет беру идеясы ескерілді.
«Астана қаланың Бас жоспарын» жасауға халықаралық байқау жарияланып, байқау нәтижесінде жапон сәулетшісі Кишо Курокаваның (жапон. 黒川 紀章) арнайы жасаған жобасы қабылданды.
Астана символы - Бәйтерек Норман Фостердің қолтаңбасы.
Жоба барысында жүзеге асқан «Бейбітшілік және келісім сарайының» мен «Хан шатыр» ғимараттарының бірегей сәулеттік жобалары итальяндық Манфреди Николеттидің туындылары.[3]
Астана қаласының Бас жоспарымен «Астана қаласының Бас жоспары ғылыми зерттеу — жобалау институты» Мемлекеттік Комуналдық Кәсіпорыны (немесе ЖШС) айналысады. Институттың директоры — Баир Досмағамбетов, бас сәулетшісі — Бақтыбай Тайталиев. Мекеме 2030 жылға дейiн Астана қаласын дамытудың аймақтық жоспарына түзету енгiзу жобасын әзiрлеп бекiттi. Сонымен қатар қала маңы аймағының құрылысын жоспарлау кешендi сызбасын әзiрлеген. Астана әкiмшілігінің тапсырмасымен түбегейлi жоспарлау жобаларын дайындаумен айналысады. Мәскеуде өткен "Сәулет-2012" халықаралық фестивалінде мекеме ұсынған Астана Бас жоспары жобасы Халықаралық архитекторлар одағы мен Халықаралық архитекторлар академиясының үлкен алтын дипломымен мараптаталды.[4]
Болашақ Астана қаласының Бас жоспарын жасауға тұңғыш халықаралық байқау жарияланып, әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жіберген жүздеген жобалар сараптаудан өткізілді. Конкурсқа көптеген елдердің сәулетшілері өз жобаларын ұсынды. Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холлға қойылды, олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп, конкурс қорытындысы бойынша жапон концептуалисі Кисе Курокаваның (шын аты Нориаки) жетекшілік ететін Халықаралық ынтымақтастық бойынша Жапон агенттігінің зерттеу тобы әзірлеген Астана қаласының бас жоспарының жобасы қабылданды. Кисе Курокава (ағылш. Kisho Kurokawa) Халықаралық Астана Әуежайы Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақүйі, «Sony» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы.
“ | Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен қала жетпек.[5]
|
” |
Курокаваның айтуы бойынша ол Астананы дамытудың Бас жоспарының негізіне жаңа философиялық көзқарасты тұғыр еткен. Оның тұжырымдауынша:
XX ғасыр Механикалық Принциптер үстемдік алған дәуір болса, XXI ғасыр Өмір Принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс.
Астананың бүгінгі келбеті – бұл жапон сәулетші Куракаваның пәлсапалық түсініктері. Бұл түсініктер үш тұғырға орныққан: біріншісі – қала мен табиғаттың етене өмір сүруі (симбиоз), екіншісі – өзгеру мүмкіндіктері, үшіншісі – абстрактылы символизм, яғни, қабылдауға түсінікті геометриялық фигуралар. Барлық жобаларда түпнұсқалық пен өзіндік келбетке баса назар аударылады.
Кез-келген қаланың бас жоспары 20-25 жылға есептеледі. Астана қаласының әкімшілігі де осы ұстанымды таңдады. Өйткені, бас жоспардағы кез-келген өзгерістер алдағы тәжірибеде оңай ауысуы қажет.[6]
Қала құрылысы доктринасының нақ осындай үлгісі тұңғыш рет Астана қаласы құрылыс алаңдарында тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады. Н. Назарбаев тапсырмасымен қазақстандық архитекторлар «Астана қаласының Бас жоспарына» уақыт өте келе өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізді. Бұл орайда өңірдің экологиялық жүйесімен қала құрылысының бірегейлене салынуына басты назар аударылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің табиғи жағдайларын, ауа райының құбылмалылығын ескере келіп, қала маңында жасанды орман алқабын қалыптастыруды күн тәртібіне қойды.[7]
Бас жоспарды дайындау үшін қазақстандық сәулетшілер тобына (Б. Досмағанбетов, С. Баймағанбетов, Қ, Монтақаев, Т. Ералиев, С. Рүстембеков, С. Жүнісов, Е. Мұхаметшина, Л. Нысанваева, В. Гладких, В. Тоскин) 1996 жылы тамсырма берілген. Сонымен бірге қаланың дамытудың басқа да, барынша ұтымды, бірегей бастамаларын қарастыру үшін, Ақмоланың (қазіргі Астана) Бас жоспары тұжырымдамасының түрлі нұсқаларын дайындауға конкурс жарияланды. Конкурста қазылар алқасы «Ақмола – Алматы» жобалау-құрылыс компаниясы шығармашылық тобының эскиз-идеясына бірінші орынды лайық деп тапты. Екінші орынға Қарағанды қаласы сәулетшілерінің шығармашылық тобына берілді.
Үкімет жаңа елорданы тез арада халықаралық стандарттарға сай қалаға айналдыру керек деген тапсырма берді. Осыған байланысты үкіметте қала салу жобасының барлық қажетті формалды үрдістері мен дайындалу мерзімін, ұйғарымдарын сақтау үшін құрылыс жұмыстарын бірнеше жылға тоқтата тұру керек немесе қала салу жобаларының аяқталуын күтпей қаланы дамытудың Бас жоспарынсыз-ақ, тез жылдамдықпен үлкен аумақта жорамалдап құрылыс сала беру керек деген таңдау болды.
ҚР Үкіметінің Қаулысы мен Қазақстанның жаңа астанасын дамытудың Бас жоспарын дайындайтын шығармашылық топ дайындалды. Оның құрамында Б. Досмағанбетов (шығармашылық топ жетекшісі), С. Баймағанбетов, С. Үрістембеков, Т. Ералиев, Қ. Монтақаев, бар еді. ҚР Үкіметі Қаулысының негізінде Астана қаласы Әкімінің өкімімен авторлар ұжымының базасында құрылған «Ақ-Орда» жобалау-құрылыс компаниясына бірінші орын иеленген конкурстық жоба ережелерін басшылыққа ала отырып, тез арада өзінің тұрған аумағында 2005 жылға дейінгі кезеңдегі қала салудың бірінші кезекті маңызды міндеттерін шешу жобасын дайындау тапсырылды.
Бас жоспардың жекелеген тарауларын жүзеге асыру мақсатында авторлық ұжым құрамына Е. Қайыргелдинов, Б. Тайталиев, А. Чиканаев, Б. Қонысбаев, А. Фисенко, В.И. Швец және т. б сәулетшілер кіргізілді. Осы сәулетшілер ұжымы дайындаған Бас жоспар астана тұрғындары санының болжамдық есебіне негізделді. Ол барынша кең тараған және кеңестік қала салу тәжірибесінде базалық болып есептелетін еңбек баланысы тәсілі бойынша орындалған болатын. Бұл есеп бойынша 2005 жылы Астана қаласы тұрғындарының саны 350 мың адам шамасына жетуі тиіс еді. Авторлар бас жоспардың негізгі тарауларын көрсете отырып, қала құрылысының бірінші кезектегі міндеттерін шешуге талпыныстар жасалды.[8]
Қаланың жоспарлы құрылымы мен құрылысын дамыту тұжырымдамасы мынадай идеялардан көрініс тапты:
1. Қаланың аумақтық дамуы тек батыс және шығыс бағыттарға ғана емес, сонымен қатар оңтүстікке, Есіл өзенінің сол жағалауын қарай да жүргізілуге тиіс.
2. Есіл өзенінің сол жағалауын астаналық үкімет-әкімшілігі орталығы мен көп қабатты тұрғын үй құрылысының жаңа ауданын құру мақсатында пайдалану.
3. Су айдынын қаланың сәулеттік композициясы ретінде пайдаланып және жағалауына көркем ансамбльді көпқабатты құрылыс жүргізе отырып, өзен арнасын қаланы дамытудың өзек-сызығына айналдыру.
Осылайша авторлар «Ленгорстройпроект» сәулетшілері дайындаған, қаланы дамытудың кезеңді жоспарлы тұжырымдамасынан саналы түрде бас тартып, өзеннің биік, су тасқыны алмайтын оң жағалауы бойынша Астана қаласын аумақтық-жоспарлы дамыту сызбасы таңдады. 2000 жылға дейін осы жоба қала аумағында құрылыс пен қала салу қызметін реттеуші негізгі құжат ретінде саналып келді.[8]
Алайда 1998 жылы әлемдік сәулет шеберлерін тарта отырып, Астана қаласының Бас жоспарының эскиз идеясын дайындау үшін ашық конкурс өткізу қажеттілігі белгілі болды. Конкурсқа Еуропаның, Азияның және Австралияның 19 елінен танымал сәулетшілер, сондай-ақ ТМД елдері мен Қазақстаннан шығармашылық ұжымдар қатысты. Белгілі жоғары халықаралық қазылар алқасы, әлемдік деңгейде танымал теоретик және қазіргі сәулет шебері К. Курукованың шығармашылық ұжымын конкурс жеңімпазы, олар ұсынған жобаны үздік деп тапты. Конкурс аяқталғанан кейін К. Курукова Астана қаласын дамыту Бас жоспарының жұмысына жетекшілік етті.[8] Жұмыс Жапон үкіметінің грантына Халықаралық әріптестік бойынша Жапон агентігі (ХӘЖА) мен Астана қаласын дамыту Корпорациясы арасындағы келісімнің негізінде орындалды.
Зертеу тобы 2000 жылдың ақпаны мен 2001 жылдың мамыры аралығында материалдар жинау мен Астананың қала салуға ыңғайлылық жағдайын тексеру бойынша қажетті алқаптық зерттеу жұмыстарын жүргізді. ХӘЖА зерттеу тобы жүргізген болжамдық есеп бойынша, Астана тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 800 мыңға, ал 2010 жылға қарай 490 мың адамға жетеді. Бұл орайда К. Курукава қалалар дамуының негізгі көрсеткіштеріне болжам жасай отырып, жалпы әлемдік адам санының өсуінің орташа статистикалық жеделдігін және экономикалық мүмкіндіктер мен ірі қалалар құрылысының өсу қарқынын да негізге алды. Соның ішінде, қала тұрғындарының болашақтағы санын болжау үшін, олар Қазақстан қоғамы мен қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына және мүмкіндіктеріне де болжаммен қарап, оларды өзара байланыстырып, экстраполяцияның теңгерімдік әдісін пайдаланды. Астана қаласын дамытудың дайындалған Бас жоспарымен белгіленген тәртіп бойынша, сарапшылар мен мамандар танысып шығып, оны 2001 жылы 15 тамызда ҚР үкіметі бекітті.
Доктор К. Курукава дайындаған Бас жоспардың негізінде симбиотикалық қалалардың философиялық доктринасын енгізді. жапон сәулетшісінің пікірі бойынша, XXI ғасыр қала құрылысының алдында тұрған негізгі құнды бағдарлар мен міндеттерді қайта құруды талап ететін жаңа талаптармен әйгіленді. Ғаламшардың экожүйесі енді адамдар өндіріп жатқан техногендік және антропогендік салмақтың тоқтаусыз өсуіне төзе алмайды. Қалаға шоғырлану үрдісінің тегеуірінді екпін алуы, тұрғындардың жаппай көлік иеленуі, техникалық прогресс пен өндірістік эволюция қарқынының артуы табиғат кешенін бүлдіру мен құлдырату үрдісіне кері шегінбес сипат беріп отыр. Өсіп келе жатқан мегаполистер мен қаладан шығатын қалдықтар жиынтығы, миллиондаған гектар табиғи орман легінің жыл сайын жаңарып отыратын ауыл шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалуы, құбырдан шығатын қалдық судың өзендер мен көлдердегі негізгі таза ауыз суға құйылуы, оларды бүлдіріп, өзінің арнасына айналдыруы табиғи тепе-теңдікті бұзудың қуатты факторы болып табылады. Осылардың барлығы XXI ғасыр адамзаттың алдына қызметтің барлық түрін, соның ішінде қала салуды жаңа жүз жылдықтағы ең өзекті және өткір мәселесі ретінде экологиялық әдіс пен қадамдарға ауыстыру міндетін қойып отыр. Осылай философиялық-теориялық пайымдауларды негізге ала отырып, доктор К. Курукава XXI ғасырда қалыптасқан қала салудың теориясы мен тәжірибесін қайта қарап, экологиялық стандарттар мен талаптардың аясында уақыттың қатал сынына жауап бере алатын қала салудың қағидалары мен тәсілдерін дайындау керек деп есептеді. Доктор К. Курукава Астана қаласының Бас жоспарын тұжырымдамасын дайындағанда өзінің философиялық ой-тұжырымдарын тәжірибелік тәсілмен іс жүзінде көрсетуге талпыныс жасады.
Бас жоспардың негізгі ережелері К. Курукаваның сәулетке қатысты ойларының космологиялық теориясына тән мынандай басты үш санатқа негізделді: <<симбиоз (сабақтастық)>>, <<метаболикалық қала (зат алмасып тұратын)>> және <<абстрактілі символизм>>. Кишо Курокаваның қала салу тұжырымдамасының теориялық платформасы қаланы көшелер салып, әдемі ғимараттар орналастыратын аумақ ретінде ғана емес, жерді, ауаны, суды пайдаланатын, осыған сәйкес өз тіршілігінің талабы бойынша сыртқа өнім (қалдық) шығаратын тірі организм ретінде тануымыз керек деген айқын пікірдің төңірегінде тұжырымдады.[8]
Осылардың барлығы өзінің төл заңдары бойынша табиғи жолмен жүзеге асып отырады. Осы екі тірі организмнің тіршілігіндегі тепе-теңдіктің сақталуы және қалалардың қарқынды түрде өсуі мен дамуы барысында бүліну мен құлдырау көрсеткіштерін болдырмау мәселесі — XXI ғасырдағы қала салудың жаңа базалық қағидасы ретінде сарапшылар мойындаған К. Курукаваның қала салу теориясындағы негізгі өзек болатын. Табиғат пен қаланың сабақтастығы, қаланың ескі және жаңа бейнесінің өзара сабақтастығы, көлік пен адам арасындағы сабақтастық — үнемі диалектикалық өзара қарама-қайшылықта болатын тараптардың негізгі жұбы. Сәулетші оны Астана қаласының Бас жоспарын дайындау барысында да қарастырған. Бұл шешімнің мәні қала секілді табиғат экожүйесінің де үйлесімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, қаланы салу шараларының бүтіндей жүйесі болып табылады. Соның ішінде, ол суды қорғау аймақтары мен белдеулерінде өзен арнасын бойлай ені 300 метр парк өсірудің аса қажет екенін басты мәселе етіп қояды.
К. Курукава қаланың экологиялық саулығын қамтамасыз ететін қала салу шараларының аясында, Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасын бойлай эко-дәліз қалыптастырумен бірге, Астананың айналасына эко-орман өсіруді де қажет деп есептеді. Бұл орман Астананы жазғы құрғақшылықтан, қысқы аяздан, бораннан сақтайды яғни қала климатын жұмсартады және ондағы ортаның жайлылығы мен көркемдік сипатын арттырып отырады. К. Курукаваның экологиялық қала салу бастамасын президент қолдады, сонымен қатар оны дамытты: солтүстік бағытта курорттық аймақ Бурабайдың табиғи орман жыныстарына ұласқанға дейін эко-орман отырғызуды жалғастыруға тапсырма берді.
Жаңа мен ескінің байланысын, қалалық ортадағы тарихи-мәдени құндылықтарды айғақтайтын нысандардың сақталуын, оларды қаланың жоспарлы құрылымына органикалық еңгізуді К. Курокава алдағы міндеттердің қатарында жеке бөліп алды және оны Астананың қайталанбас сәулетік кескінін қалыптастыруда қаланың айқын мәнері мен өзіндік келбетіндегі жетістіктерді қамтамасыз ететін шарт ретінде қарастырды. Осы мақсатпен К. Курокованың шығармашылық тобы қаланың тарихи мұраларымен танысып шығу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соған сәйкес жобалық ұсыныстар дайындады. Жапон сәулетшісінің пікірі бойынша жаңа астана әрі қарай дамуға бейім болу керек. Бұл орайда, қысқа мерзімді (ауыстырылып отыратын) элементтерден тұратын ұзақ мерзімді құрылымның бір мезгілде динамикалық өсуі мен өзгермелілігінің өзара үйлесімді қағидаттары бойынша қаланы дамытудың өзгермелі (жетілдіріліп отыратын) жоспары ұсынылды.
Жаңа астананың сәулеттік келбетін қалыптастыру кезінде доктор К. Курокова абстарктілі символизм әдісіне сүйенуді ұстанды. Оның пікірі бойынша, бұл тәсіл қалада халықтың мәдени және дәстүрлі мұраларының бейнеленуіне, сондай-ақ халықаралық қала бейнесінде үйлесімді суреттелетін қала ландшафын құруға мүмкіндік береді. Абстарктілі символизм тәсілінің мәні Қазақстанның дәстүрлі мәдени символдарын абстарктілі түрде білдіретін, түсінікке жеңіл қарапайым геометриялық фигураларды пайдалану болып шығады. Соның ішінде, көшпелі халық ұғымында белгілі бір мәнге ие, олардың өрнектері мен киімдерінде жиі пайдаланатын үшбұрыштар, конустар, сопақ және жартылай сопақ формаларды қолдану ұсынылды.
Бас жоспардың тағы бір нұсқасын 2000 жылы араб елдері, еуропа және америка сәулетшілерінен құралған ‹‹Дар әл-Хандасан›› фирмасы дайындаған Астана қаласын дамыту Бас жоспарының жобасы ұсынылды. Жоба бастамашылық негіздегі қазақстанға қайтарымсыз сый ретінде жүзеге асырылды. Жоба 2001 жылдың 15 тамызына дейін қала салу қызметін реттеуші негізгі құжат ретінде пайдаланып келді де, <<ХӘЖА зерттеу тобы >> дайындаған Бас жоспар бекітілгенен кейін қызметі тоқтатылды.
К. Курокованың жетекшілігімен дайындаған Бас жоспарды жақын арада қайта қарауға тура келді. Оның басты себебі Қазақстанның экономикалық даму жылдамдығы мен тұрғындар санының өсу қарқыны және астана құрылысы бойынша орындалатын жұмыс көлемінің артуында еді. Бұл <<ХӘЖА зерттеу тобының >> болжамынан асып түсті. 2002 жылдың соңына қарай Астана қаласының тұрғындар саны 2010 жылға жоспарланған көлемінен де асып кетті. Тұрғындар саны қала өмірін қамтамасыз етуші жүйенің қуатын айқындайтын негізгі базалық көрсеткіш болғандықтан тұрғын-үй мен әлеуметтік-мәдени құрылыстың ауқымы сол көрсеткіш арқылы жоспарланады. Сонымен қатар тұрғындар санына шаққандағы Аймақтық жалпы ішкі өнім (АЖІӨ) маңыздылығы кем емес базалық көрсеткіш болып табылады. Астана қаласының АЖІӨ 2006 жылдың өзінде доктор К. Курокованың 2030 жылға жасаған болжамынан екі есеге асып түсті. Осыған байланысты орындалатын құрылыс жұмыстарының ауқымы Бас жоспарда қарастырылғаннан бірнеше есеге асып түсті. Қаланы қалыптастыру барысында барынша жоғары дәрежелі өмірлік стандарттарға сәйкес қоғам мүмкіндіктері мен тұтыныстардың өсуі, екінші жағынан, қаланы болашақ дамытудың базалық көрсеткіштері өлшемінің сапалық жаңа деңгейге көтерілуі, қолданыстағы Бас жоспарға жаңа жағдайлар мен мүмкіндіктердің дамуына лайықтап, тиісті түзетулер мен толықтырулар еңгізудің қажеттігін көрсетті.[8]
Осы орайда жаңа астананың негізі қаланғаннан бергі 10 жыл ішінде Астананы дамытудың Бас жоспарының үшінші нұсқасы қайта қаралды.[8]
Астананы дамытудың Бас жоспары жобасы қайта қаралғанда, онда болашақта орнығуы тиіс тұрғындар санын анықтау бойынша көбіне қателіктер жіберілгенін ескере отырып, Қазақстанның мамандандырылған зерттеу ұйымына, тиісті демографиялық зерттеулер жүргізіп, 2030 жылға дейінгі кезеңде қала тұрғындарының сандық өсімінің ғылыми негізді болжамын жасауды тапсыру туралы шешім қабылданды. Ғылыми негізді демографиялық болжамдарды дайындауға Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (ҚАРМУ) мен Қазақстан Экономика және болжау менежментті институтының (ҚЭБМИ) зерттеу тобы қатысты. Олардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай Астана қаласы тұрғындарының саны 1 млн 200 мыңға жетуге тиіс. Астананың тұрғындары өсімінің демографиялық болжамын, демографиялық жобалаудың когортты тәсілін пайдалана отырып зерттеу жүргізді. 2005 жылы қазан айында ҚЭБМИ зерттеу тобының есептік көрсеткіштеріне сәйкес қазақстандық сәулетшілер арасында Астананың жоспарлы құрылымы мен құрылысын әрі қарай дамыту тұжырымдамасын дайындауға конкурс жарияланды. Қазылар алқасы қала құрылымын жоспарлау ұйымының жаңа тұжырымдамалық қадамына негізделген Астана құрылысын дамыту тұжырымдамалық идеясын жеңімпаз деп таныды. Авторлар жапон сәулетшілер тобы дайындап, ҚР Үкіметі бекіткен қала сызбасынан мүлде өзгеше, өздерінің түбегейлі жаңа идеяларын Астананы болашақ дамытуға жұмсауға тырысты. Соның ішінде, олар қала аумағын, бірегей дөңгелек формалы, ұзындығы 46 шақырым қуатты көлік-байланыс эстакадасымен (шеңберлі) белдеулендіру ұсынды. Эстакада да негізгі магистральды-инженерлік желілерді, қала өмірін қамтамасыз ететін жүйелер нысандарын шоғырландыруды және екі деңгейлі көлік қатынас жолын салуды ұсынды. Шеңберлі эстакаданың жұмыс істеуіне қажетті экономикалық жағынан өз-өзін ақтайтын, ыңғайлы жағдай қалыптастыру туралы ойлардың негізінде, авторлар шеңбердің периметрін бойлай жоғары бағалы құрылыстарды шоғырландырып, мұнда барлық энергиялық және ресурстық сыйымды өндірістік кәсіпорындарды жинақтау керек деп есептеді. Қала басшылығы авторлар тобына қазылар алқасы таңдаған қаланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Бас жоспарға түзетулер еңгізуді тапсырды.[8]
Алайда Н. Назарбаев қазақстандық сәулетшілердің көзқарастарында бірауыздықтың жоқтығын ескеріп, Астана қаласының Бас жоспарын 2007 жылы әлем архитектурасындағы барынша беделді шеберлердің халықаралық сараптауына жіберу туралы өкім шығарды. Осы жылдың қараша айында халықаралық сарапшылар Н. Назарбаевқа сараптамаға ұсынылған жобалық материалдарды талдау қортындысы туралы мәлімдеді. Халықаралық сарапшылар жаңа жобаны қаланы дамытудың айқын мәселелерден алыс таптауырын болған түсініктегі формалды және композициялық тәртіпте үстірт дайындалған деп тауып, оның шешіміне теріс баға берді.[8]
Қалыптасқан жағдай байсалды және ұтымды шешімді қажет ететін еді. Танымал сәлетшілер жетекшілік еткен шығармашылық ұйымдар дайындаған Бас Жоспардың өзі де барлық көркем-композициялық фантазияның тереңдігі мен сұлулығына қарамастан, тез арада ескіріп қалатын, сөйтіп қалыптасқан жаңа жағдайлар мен мүмкіншіліктерге сәйкес келмегендіктен, өзгертулер мен жекелеген түзетулер енгізуді талап етіп отыратынын мойындауға тура келді.
ХХІ ғасырдағы қоғам мен техникалық прогрестің қарқын алу жағдайына байланысты дамушы ірі қалалардың Бас жоспарларын мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары ғылыми негізде жүргізуі керек деген тұжырым жасалды. 2006 жылғы осы қортындыдан кейін 2007 жылы <<Астанабасжоспар>> жобалау институтының базасында Астана қаласының Бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институты құрылды. Бұл институт қызметі Астан қаласынынң қолданыстағы Бас жоспарына ғылыми негізделген өзгертулер мен түзетулер енгізуді, сонымен қатар қаланы жобалаудың жаңа нормативті базасын дайындауды, Астананы болашақта қала салу ісі бойынша дамытудың ғылыми қолдаулары мен ұсыныстарын дайындауға қажетті зерттеулер жүргізуді жүзеге асыратын болып белгіленді. Астананың ғылыми негізде, жүйелі және бірізді қала салу жолымен дамуын реттейтін құжаттарды дайындаумен қайтадан құрылған Астана қаласы Бас жоспарының ғылыми-зерттеу жобалау институты айналысатын және оған барлық жауапкершілік жүктелетін болып шешілді. Бас жоспарды дайындау мен түзетулерге байланысты қиындықтардың бәріне қарамастан қала құрылысы осы жылдар ішінде бекітілген жалпы қала салу стратегиясын, бірізділік қағидалары мен сабақтастықты сақтай отырып кең ауқымда және жылдам қарқынмен дамыды.[8]
Бас жоспарда негізгі жоспар құрылымын қала өсуі бағытына қарай ірі транспорттық магистралдар арқылы 6 жоспарлық райондарға ұйымдастырылу қарастырылған.
Өтініш, осы бөлімді толықтырыңыз. |
Тұрғын үй ортасын кешенді қалыптастырудың негізгі бағыттары тұрғын үймен орташа қамтылуды 2030 жылға қарай бір адамға 30 шаршы метрге, сонымен қатар, барлық тұрғын үй қорын 37,2 млн шаршы метрге дейін жеткізуді көздейді.
Құрылыс:
Астана қаласының тұрғын аумағын қайта жаңарту және дамытудың басым бағдарламалары:
қалыптастыру;
Бас жоспарда 2030 жылға қарай қызмет көрсетудiң әлеуметтік-кепiлдi минимумының мекемелерімен қамтамасыз етiлудің нормативтік көрсеткіштеріне және қалалық маңызы бар объектілерді дамытудың нормативтiк көрсеткiштерiне қол жеткізу бағытында жаңа әлеуметтiк-экономикалық және қала құрылысы жағдайларын ескере отырып, әлеуметтiк саланы дамыту жоспарланған. Бұл ретте, қаланың қызмет көрсету қорының шамасын жалпы алаңы 23,8 млн шаршы метрге дейін жеткізу арқылы жалпы алаңы 16,8 млн шаршы метр жаңа қызмет көрсету объектілерін салу есебінен әлеуметтік саланы іске қосу көзделген.
Бас жоспарда қаланың iшкi аумақтарын қарқынды пайдалану арқылы қаланы қала шегiнде одан әрi дамытылмақ. Негізгі сегіз жоспарлау-құрылымдық осі (Қорғалжын, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Ерейментау, Қосшы бағытындағы жол бойы аумақтары) бойындағы бос аумақтарды игеру есебінен қала аумақтық дамытылады. Бас жоспарда жаңа тұрғын үй құрылысын көп қабатты және аз қабатты орындауда жүргізілмек. Көп қабатты құрылыс қаланың орталық бөлігінде, ал ландшафтты-рекреациялық аймақтың «жасыл сыналарына» қарай қабаттар төмендетіліп, 8 құрылымдық ось бойында қалыптастырылады. Құрылымдық осьтердің бойында орталықтан шетке қарай биіктік ауыса отырып құрылыс сатыланады. Бұзылатын өнеркәсіп кәсіпорындары, коммуналдық-қойма объектілері («Целинсельмаш», газ аппаратурасы зауыттары аудандары), қаланың орталық бөлігіндегі көнерген және азқабатты тұрғын үй (Тілендиев – Сарыарқа даңғылдары – Шабал Бейсекова көшесі шекаралары, Асан қайғы көшесі бойы және «Шұбар» «Оңтүстік Шығыс» аз қабатты тұрғын үй шағын аудандары) орнына Бас жоспарда нақты қала құрылысы, жоспарлау және көлемдік-кеңістіктік бағдарды қамтамасыз ететін биік тұрғын үй салу көзделген.
Аз қабатты құрылыс Ерейментау, Қарағанды, Майбалық, Қосшы, Қорғалжын және Қостанай бағытында орталықтан шетке қарай жоспарлау-құрылымдық осьтер бойында және Көкшетау, Павлодар бағытында К-1 айналма магистралінен қала шекарасына дейін, сондай-ақ басталған құрылысты аяқтауды қажет ететін аз қабатты усадьбалы құрылыс аудандарында дамытылады. Қаланың перспективалы жоспарлау құрылымын қалыптастыру негізі табиғи-экологиялық және көліктік негіз болып табылады. Табиғи-экологиялық негізді Есіл өзенінің алқабы, оның салалары: Ақбұлақ, Сарыбұлақ, қолданыстағы «Жасыл Аймақ» және «Астана орманы» екпелері, сондай-ақ орман пактері ретінде қызмет ететін «Бурабай», «Қарқаралы», «Қорғалжын», «Баянауыл», «Ерейментау» ұлттық табиғи парктердің жалғасы болып табылатын жеке флорасы бар сыналар және қолданыстағы қалалық парктер, скверлер, желекжолдар құрайды.
Жасыл құрылымның барлық жүйесі орталық бөлікте негізгі қоғамдық-тұрғын үй құрылымдарын жалғайтын Айналма желекжолмен байланыстырылады.
Қаланың урбандалған негізінің келесі элементі көлік магистральдар жүйесі болып табылады. Бас жоспарда жаңа меридиональды және кең магистральдар, айналма автомобиль жолдарын, көлiк құралдарына сервистiк қызмет көрсету желілерін құру, көлiк айрықтарын, өтпежолдар, эстакадаларын және т.б. салу жолымен қаланың көлiк құрылымын дамыту мен жетiлдiріледі. Көше-жол желісін дамыту негізіне қоғамдық көлік үшін басымдығымен бір орталық көше және әртүрлі бағыттағы біржақты қозғалыс үшін екі бүйірдегі көше болатын сегіз жоспарлау-магистральдың бойында қалыптастырылған «үш параллель көше» бірыңғай жүйесін құру принципі алынған. Қала аумағында кешеніне бір шатыр астында автомобильдерге арналған көп деңгейлі паркинг және велосипед пункті бекеті кіретін, жеңіл рельсті жүрдек көлікке қоғамдық автобус маршруттарының бес отырғызу терминалы құрылады. Осы терминалдар арқылы өтетін көшелер елорда тұрғындары мен қонақтары жаппай баратын өзге де объектілермен бірге жеңіл рельсті жүрдек көліктің өту желісін құрайды. Көліктік инфрақұрылым қолданыстағы көше-жол желісі ескеріліп орындалған. Үздіксіз қозғалыстағы кіші айналма магистраль қаланың орталық бөлігін шеңберлей келе, жалпы қалалық және аудандық маңызы бар магистральдық көшелердің қиылысындағы айырықтар мен эстакадалар арқылы барлық алты жоспарлау ауданын байланыстырады. Қала аумағын сыртқы транзитті ағындардан оқшаулауды К-1 айналма автожолы қамтамасыз етеді. Қаланы одан әрі өсіру қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша қоғамдық орталықтар құрылымында полиорталықтықты көздейді. Бас жоспарда ірі көлік тораптарында жоспарлау аудандарының орталықтарын ұйымдастыру көзделеді.
2011 жылдың соңғы тоқсанындағы қортындысы бойынша Астана қаласының 2030 жылға дейінгі барлық жобасының 30%-і ғана іске асқан немесе барлық қала ареасы 274 милль2 жеткен. 2015 жылы 50%-ы орындалады деп болжануда. Астана құрылысына миллиондаған доллар инвестиция тартылды. 50 миллион долларға Бейбітшілік және келісім сарайы, 30 миллион долларға Астана-Арена стадионы, 300 миллион долларға Хан шатыр мегасаудаорталығы салынды. Астананы салуға Қазақстанның 71 қаласы, 432 құрылыс компаниялары (оның ішінде "BI GROUP", "Қуат", "Базис құрылыс компаниясы") қатысты, 135 зауыт құрылысты материалдармен жабдықтап отырды. Жергілікті фирмалармен бірге қала құрылысына түрік ("Джейлан", "Сембол", "Окан", "Аксель"), корей ("HIGH WILL"), итальян, француз, швейцар компаниялары да үлес қосты. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орташа және ірі нысандар беріліп отырды. Астанадағы ауқымы мен шапшаңдығы жағынан бұрын соңды болып көрмеген аса күрделі құрылыс жұмыстары өзімен бірге құрылыс үрдісіне қызмет көрсететін барлық саланы дамытты және Қазақстаннның өндірістік кәсіпорындарын да жандандырды. Құрылыс жүргізу ісіндегі әлемдік озық теория мен тәжірибенің жетістіктерін пайдалана отырып құрылысшылар мен жобалаушыларға барынша жоғары талап қойып, күрделі міндеттер жүктелді. Астана нысандарын жобалауға әлемдік сәулет шеберлерін тарту туралы нұсқау берілді, ал құрылыс жұмыстарына тартылатын мердігерлер әлемнің жетекші құрылыс компанияларының қатысуымен өттетін тендерлердің нәтижелері бойынша анықталды. Мәселенің бұлайша қойылуы жобалау мен құрылыс жүргізудің кеңестік кезеңнен қалған анайы түрінен арылып, бәсекелестік жағдайының қалыптасуына әкелді және әлемдік сәулет-құрылыс стандарттарын пайдалануға, қазіргі қала салу тәжірибесі мен теориясының ең жаңа жетістіктерін еңгізуге мүмкіндік берді.
«Астана қаласының бас жоспары» бойынша Астанадағы Шұбар ықшам аудандағы коттедждер 2030 жылға дейін түгел бұзылып орнында көп қабатты тұрғын үйлер салынбақ. Сондай-ақ қаланың ескі аудандарындағы тұрғын үйлер де ретке келтірілмек.[8] [9] [10]
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы Астана қала құрылысы жоспарын іске асыру мақсатында инвесторларға тартымды жағдай тудыра отырып жобаны жеделдетіп іске асыру мақсатында құрылған экономикалық-территориялық құрылым.
Арнайы экономикалық аймақ – капиталды инвестициялау және экономиканы дамыту үшін жағдай туғызатын шетел және отандық кәсіпкерлерге ерекше экономикалық жеңілдіктері бар ұлттық-мемлекеттік шектелген аумақ бөлігі. Арнайы экономикалық аймақтар ішкі сауда, жалпы экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық мәселелерді шешу үшін құрылады.
«Астана – жаңа қала» АЭА құру кезінде ҚР аумағындағы АЭА, сонымен қатар ТМД және алыс шетел елдеріндегі АЭА-дың жұмыс тәжірибесі есепке алынды. «Астана – жаңа қала» АЭА салалық бағыттылығы бойынша құрылыстық болып табылады. «Астана – жаңа қала» АЭА құрудың басты мақсаты – АЭА аумағын игеру және жеделдетіп дамытуды қамтамасыз ету, қазіргі заманғы инфрақұрылымды жасау, әкімшілік және әлеуметтік-мәдени маңыздағы бірегей обьектілер құрылысын салу, жабдықталған тұрғын үйлер салу, сонымен бірге Астананың экономикалық және әлеуметтік дамуына жағдай жасау болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Астана – жаңа қала» АЭА құру туралы Жарлығына қол қойған күннен бастап жоспарланған 238,6 млрд теңге орнына 793,5 млрд теңге шамасында инвестиция тартылды. АЭА обьектілер құрылысына инвестицияларды тартуға құқықтық, яғни кеден және салық жеңілдіктері әсер етеді. АЭА аумағы басында 1 052,6 га құрады, 2005 жылы аумақ 513,7 га кеңейтілді. АЭА барлық аумағы 5440,4 га құрайды. Қазақстан Республикасы Президентінің соңғы 2007 жылғы 21 маусымдағы № 352 Жарлығымен ауданы 598,1 га «Индустриалды парк» жұмыс атауымен аумақ қосылды. Оның аумағында өндірістік обьектілер тұрғызу жоспарланған. «Индустриалды паркте» «Nissan» маркасындағы автокөліктер және «Nokian» маркасындағы автошиналар шығарылатыны белгілі болды.
«Астана – жаңа қала» АЭА аумағында жағымды инвестициялық климат жасау мақсатында инвесторларға жеңілдік беретін ерекше құқықтық тәртіп белгіленген:
1. АЭА аумағында құрылыс жүргізу мақсатында тауарлардың айналымы бойынша (жұмыс және қызмет көрсету) ҚҚС босату;
2. Құрылыс барысында толық тұтынатын тауарларға қосылған құн салығы бойынша нольдік мөлшерлемені пайдалану;
3. Құрылыс обьектілері салынып жатқан жер учаскелерін жер салығынан босату;
4. Ғимарат пен имараттың қалған сомасының мүлігі салық салу обьектісі болып табылмайды.
Одан басқа АЭА аумағы еркін кедендік режимі жүргізілетін аумақ ретінде қарастырылады. Шетелдік тауарларды еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырған кезде импортталатын тауарларға акциз салуды қоспағанда кеден баждары мен салық салынбайды және тауарлар қауіпсіздігі жөніндегі талаптардан басқа тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды. «Астана – жаңа қала» АЭА шегіндегі обьектілер құрылысының өзіндік құны инвестор үшін әдеттегі салынып жатқан құрылыстан (жеңілдікті пайдаланбағанда) 14-20% төмен. АЭА аумағында инвесторлар үшін кеден және салық жеңілдігінен басқа да пайда бар. АЭА аумағындағы құрылыстың негізіг мақсаты бюджеттік қаржы есебінен аумақты инженерлік дайындау және инженерлік желілер мен жолдарды салу болып табылады. Осындай бағдарламаны жүзеге асыру АЭА аумағының кешенді құрылысын жүргізуіне көмектеседі, инженерлік желілер, жолдармен және қаланың басқа бөлігімен байланыстыратын қолайлы көлікпен қамтамасыз етеді. Потенциалды инвесторларға инженерлік желілер және жолдар салынған инженерлік аумақтарда жұмыс істейтіндіктен, обьектілер құрылысы үшін қосымша стимул жағдайы жасалған. «Астана – жаңа қала» АЭА аумағы құрылысында алдыңғы қатарлы технологиялар қоданылып және әлемнің жетекші сәулеткерлері авторы болып табылатын бірегей жобалар жүзеге асырылып жатыр.[11]
Қазіргі кезде «Астана қ. Мәдениет басқармасы» ММ-сі 47 ескерткішті мәдени-тарихтық мұраларға жатқызған, олардың екеуі республикалық маңызды және 45 ескерткіш жергілікті маңыздылыққы ие.
Бас жоспарда келесі обьектілер мемлекеттің қарауына тапсырылған;
|
Атауы | Көлемі (га) | Үлесі |
---|---|---|
Қоғамдық-әлеументтік құрылыстар салу | 5 510 | 7,7% |
Тұрғын үй-жайлық құрылыстар салу | 7 998 | 11,26% |
Көп пәтерлі құрылыс салу | 8 006 | 11,27 |
Өндірістік-өнеркәсіптік құрылыстар салу | 8 561 | 12% |
Жас көшеттер көпшілік пайдалану
(парктер, саябақтар, бульварлар) |
2 619 | 3,69% |
Орман парктер | 22 700 | 32% |
Өзендер, суқоймалар | 2 764 | 3,89 |
Басқа территориялар | 15 430 | 18% |
Барлығы | 71 000 | 100% |
Медиа-орталық кешеннің жалпы аумағы - 75,5 мың шаршы метр. Кешен құрамында аппаратты-студиялық блоктар, көп арналы телетарату блогы, көп арналы радиотарату блогы, 1 000 орындық киноконцерт залы, ұлттық медиа-мұрағаттың аппараттық кешені бар. АМО-ғында барлығы 19 студия, 1000 м2 (10763 фут2) жазу және видео студиялары орналасқан. Кешендегі барлық студиялар 7000 м2, кеңселер 21 000 м2 көлемін алған. Кешен қасбетінде яғни алдында 5 лед (led) экран орнатылған.
Орталықтың негізгі мақсаты - мемлекеттік телеарналардың техникалық базасын қазіргі заман талабына сай стандарттарға келтіру, медиа-кеңістікті ұлттық медиа-контентпен толтыру, эфирлік сандық телевидение мен радиотаратуға өту, электронды медиа-мұрағатты құру. Биіктігі 102 метрлік 22 қабаттық ғимараттың бірінші қабаты телестудияларға, ал мұнара әкімшілік пен шығармашылық топқа арналған. Алып дәлізде телесериалдар мен телебағдарламалар түсіретін ірі студиялар орналасқан. Отандық телевизиялық орталықта бірнеше телеарналар орналасқан.[12] [13] [14]
Ғимарат Дөңгелек алаңның жанында орналасқан. биіктігі 155 м. Құрылысын Базис-А корпорациясы (2001-2003) жүргізді. Жобаның бас архитекторы В. Чисеяков. Астанада алғаш кет осы құрылысқа Канадада жасалған күн өтпейтін шыны қолданылды. Ғимарат күн сәулесіне сәт сайын түрлі реңге боялады, алтын жарқылданып, қас қағымда көк-жасыл ажар тауып, іле қоңырқай түске өзгеріп, мың құбылады. Бұл оған жеңілдік сипат береді. Әкімшілік ғимараттың жалпы көлемі — 32 800 м2. Ғимаратта мыңдай адам еңбек етеді.
Тәуелсiздiк және Бауыржан Момышұлы даңғылының қиылысында орналасқан төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы 60 мың шаршы метрді құрайды.[15] Мұнда жасөспірімдерге арналған – жеңіл атлетика алаңы, суда жүзу бассейні, мұз айдыны мен баскетбол алаңы, теннис залдарына бөлінген. Кешендегі жеңіл атлетика залдарының трибуналары 336, мұз айдынының әмбебап залы 384, бассейн залы 144 көрерменге есептелінген. Сарай Санкт-Петербурглық дизайнерлерінің ұсынған жобасы бойынша жүзеге асты. Технологияның жетілген тұсында бой көтерген әлеуметтік кешеннің энерго-ресурстық қамтамасыз ету жүйесінде сапасы жоғары технологиялар қондырылған. Басқару тетігі бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылып отырады. Кешендегі тағы бір басты ерекшелік Қазақстанда тұңғыш рет электржабдықтау қуатының жарты бөлігі жаңармалы энергия көздеріне, яғни күн батареялары мен жел генераторларына тартылған. Оқушылар сарайына жылу жүйесі екі әдіс бойынша қамтамасыз етілген. Ғимараттың жартысы қаланың орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, екінші жартысы жартылай жылу сорғыш қондырғының көмегімен іске асырылады.
Жастардың мәдени сауаттылықтарын жетілдіру үшін орталықта арнайы студиялармен қатар, театр, хор, оркестр, би мен балет, драма үйірмелері жұмыс істейді. Ғимараттың ішіне әсем көрік беретін сахна, көрме залдарымен қатар, асхана мен медицина орталықтары да орналасқан және 170 орындық планетарий жұмыс істейді. Бұнда 3 Д технологиясын қолдану арқылы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге болады. Сарайда ашылған 40 үйірмеге бір мезгілде 3880 бала қатыса алады.
8,3 га аумақты алып жатқан әлеуметтік кешен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының тапсырысы бойынша құрылысын Базис құрылыс компаниясы 11 айдың ішінде аяқтап, 2011 жылың аяғында Қазақстан тәелсіздігінің 20 жылдығына орай қолданысқа берілді.[16]
«Атамекен» Қазақстан Картасы» этнографиялық кешені» МККК 2002 жылы 8-қыркүйекте президент Н. Назарбаев бастамасымен ашылды.
Бүкіл Қазақстанның шағын бейнесі 1,7 га алаңда көрсетілген. Картада 14 облыс пен республикалық дәрежедегі Астана мен Алматы қалалары орналасқан. Мұнда табиғи-климаттық, аймақтар мен ландшафтардың, сәулет пен қала құрылысы ансамбльдерінің барлық сан алуандығы көрсетілген.[17]
Астананың әкімшілік орталығының негізгі осінде жаяу жүргінші көпірі немесе қалалықтарға «сулы-нулы бульвар» атауымен белгілі көпір орналасқан, ол Астананың бас жоспарының авторы Курокаваның туындысы.
Көпір – елорда орталығы композициясының негізгі элементтерінің бірі. Сәулетшілердің ойы бойынша, ол қасындағы құрылыстардың барлығын біріктіреді. Сәулетшілер қала жерін ұтымды пайдалану мақсатынан туындаған үш деңгейді қарастырған. Төменгі деңгей автотұрақтарға берілген, мұнда 400 автомобиль сыяды. Құрылыстың екінші қабатында пассаж орналасқан: екі жарықты галерея айналасында көрме залдары, дүкендер мен кеңселер шоғырландырылған. Үшінші деңгей – бұл көгалдандырылған және сәнді ағаштармен, кіші сәулеттік формалармен, субұрқақтармен безендірілген жаяу жүргіншілер көшесі.
Мөлдір конус пішіндес күмбездер жарықтың төменнен жоғары қарай ғимаратты жарып өтуіне мүмкіндік береді. Баспалдақтармен байланыстырылған осы атриумдарда жасанды бақтар орналасқан, ал екінші қабат деңгейінде маңындағы құрылыстармен жабық галерея арқылы жалғасады.
Елорданың сол жағалауында океанариумы бар «Думан» орталығы салынған. 3D кинотеатры, «Джунгли» аттракционы, боулинг, көпфункционалдық зал мен қонақ үй кешені, сонымен қатар кафелер желісі, сауда залдары, балаларға арналған ойын алаңдары бар.[9]
Құрылысы 2009 жылдың 31-маусымында басталған. 2012 жылы 6-шілдеде (Астана күні), қасиетті жұма күні мешітінің ашылу салтанаты болды. Мешіт Тәуелсіздік сарайының солтүстік жағында Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан. Мешіт жобасын Президент Н. Назарбаев республикалық сәулет конкурсына ұсынылған 26 жұмыс ішінен таңдап алған. Мешіт сәулеттік келбеті мен безендірілуі шығыстық та, орта азиялық та стилде емес, негізгі классикалық қалыпты сақтай отырып қазақстандық ерекше жаңа стилде жасалған. Мешітке қазақтың көп салалы, бай ою-өрнектері көптеп қолданылған. Басқа елдерде жоқ ерекшелігі - оюдың фоны мен өрнектің өзі үйлесімді оқылады. Көп қырлы ұлттық ою-өрнектер қазіргі заман талабына сай ғимараттың ішкі көрінісіне, қолданылған рельеф тәсіліне, алтынмен әшекейлеуге бағындыра отырып жүзеге асырылған. Орталық мешітке бір уақытта 5 мыңнан астам адам сыя алады. Жоба классикалық ислам стилі мен дәстүрлі қазақ орнаменті және декоративті (сәндік) элементтер қосындысы ретінде құрастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метр, ал жалпы құрылыс аумағы 20,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың соңғы қорытынды аккордтарын ортасынан есептегенде тең қашықтықта орналасқан төрт мұнара (биіктігі 77 метр) толықтырып тұр.[18] [19]
Оның алты блогының біреуі 2007 жылғы қазанда пайдалануға берілді. «Саналы ой» принципі бойынша жобаланған жаңа ғимарат ыңғайлы саябақтың ортасына орналасты. Мұнда демалыс аймақтары да, балалар алаңқайлары да бар. Пәтердің 16 түрі бар. Тұрғындар алдын-ала классикалық, шығыстық, модерн және т.б. өздеріне ұнаған түрін таңдай алады. Жиһаз кіріктірілген. Дәстүрлі ванна мен душтан өзге, джакузи мен монша да кездеседі. Шаң сору жүйесі қабырғаларға орнатылған.[20]
Астана қаласының макеті Тәуелсіздік сарайының үшінші қабатында орналастырылған (ауданы 8883 шаршы метр). Макетті корейлік «Модел Парк» компаниясы жасаған. Макеттің масштабы 1: 600. Макеттегі ғимараттардың материалдары пластик және шыныдан тұрады.[21] Одан басқа, Конгресс-Холл сарайына Астананың болашақ жобасы бейнеленген макет ілінген. Онымен кез келген тұрғын таныса алады. Жобада көп нәрсе қамтылған[22]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.